Елорда полицияcының басшысы ТМД елдерінің ІІО бөлімшелері басшыларының кеңесіне қатысты
Елорда полицияcының бастығы ТМД елдерінің ІІО бөлімшелері басшыларының кеңесіне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының астаналық бөлімшелері басшыларының кезекті кеңесіне қатысты.
10-12 шілде аралығында Душанбеде өткен іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдері ішкі істер министрліктерінің делегациялары, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросы қатысты.
Кездесу барысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, заңсыз көші-қон, есірткі қылмысының этникалық түрлеріне қарсы іс-қимыл және ТМД мемлекеттерінің азаматтары жасаған есірткі қылмыстары саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Жиналғандардың алдында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің астаналық полиция бөлімшелерінің басшылары баяндама жасады. Форумға қатысушылар есірткі бизнесін ұйымдастырушылар есірткіні тарату және оларды тұтынуды насихаттау үшін цифрлық технологияларды белсенді қолданатынын атап өтті.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының ақпараттық өзара іс-қимылы мен күш-жігерін біріктіру есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұру және жолын кесу үшін қажет.
Астана қаласы полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев баяндама жасап, заманауи жағдайдағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері туралы айтты.
– Қазіргі жағдай біздің өзара іс-қимылымызды кеңейтуді және тереңдетуді талап етеді. Біздің елдеріміздің әрқайсысының құқық қорғау жүйелері заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, біз неғұрлым тығыз жұмыс байланыстарын орнатып, есірткі қылмысына бірлесіп қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруымыз қажет. Бүгінгі кездесу бар проблемаларды тереңірек түсінуге, оң тәжірибе алмасуға және одан әрі даму жолдарын анықтауға мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деп түйіндеді Төлебаев.
Ол тәжік әріптестеріне кездесуді ұйымдастырғаны, қонақжайлылығы және жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қазақстандық елорда полициясы ынтымақтастыққа ашық екенін және өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтті.
Үш күнге созылған форум бағдарламасы аясында қатысушылар бірқатар кездесулер өткізді, онда жақын болашақтағы ынтымақтастық жоспарлары талқыланды.