Астана полиция департаменті бірінші жартыжылдық жұмысын қорытындылады
Елорданың полиция департаментінде жедел кеңес өтіп, бірінші жартыжылдық бойынша жедел-қызметтің қорытындылары шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Астана қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы, әділет кеңесшісі Нұржан Тұрысбеков қатысты.
Департамент бастығы Марат Төлебаев жеке құрамға 12 шілдеде ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылған Ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді.
6 айдың қорытындысы бойынша халық саны мен көші-қон процестерінің артуына байланысты қылмыстардың аздап статистикалық өсімі байқалатынын атап өтті.
Халық санының өскенімен ұрлық, тонау, қарақшылық, көлікті айдап әкету, ауыр қылмыстар, сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны азайды. 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген.
Қылмысты ашу жақсарып, кісі өлтіру, қарақшылық, зорлау, бұзақылық, қалта ұрлығы және басқа да қылмыстар ашылды.
Жиналыста кемшіліктер мен олқылықтар жан-жақты сараланып, алдағы кезеңдегі басым міндеттер айқындалды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың маңыздылығына, тәртіп пен заңдылықты сақтауға, өз қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, кадр саясатын жетілдіруге, қылмыстардың ашылу деңгейін арттыруға, сотқа дейінгі тергеу амалдарының сапасына, алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Департамент бастығы отбасылық-тұрмыстық және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың, оның ішінде мас күйінде жасалған қылмыстардың алдын алуды күшейту, сондай-ақ елорда жолдарындағы жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.