Жамбыл облысының ПД бастығы Байзақ ауданында жедел кеңес өткізді
Жамбыл облысының ПД бастығы Байзақ ауданында жедел кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин бірінші жартыжылдықтың қорытындыларын зерделеп, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысу мақсатында аудандарға сапарын бастады.
Алғашқы кеңес халық тығыз және облыс орталығына жақын орналасқан Байзақ ауданында өткізілді.
Жиын барысында жеке құрамға Мемлекет басшысы мен ҚР ІІМ-нің Алқа отырысында қойылған негізгі бағыттар жеткізілді.
ПД бастығы атап өткендей, негізгі басымдық – қызметкерлер арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік, сондай-ақ азаматтардың барлық өтініштеріне ден қоюға берілді.
Ауданның Тараз қаласына жақын орналасуы жергілікті қызметкерлерге қосымша жүктеме беруде. Арманбек Баймурзин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жандандыруды, мақсатты жұмыстарды ұйымдастырып, мобильді кешендер базасын кеңейту міндеттерін қойды.
Жергілікті тұрғындар үшін ең өзекті мәселелер – ол мал ұрлығы, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту.
Осыған орай алдын алу шараларын ақсақалдармен, азаматтық белсенділермен бірлесе отырып жүргізу қажеттігі тапсырылды.
Сондай-ақ кадр саясаты мәселелері де назардан тыс қалмады.
– Азаматтардың полиция мамандығына қызығушылығын арттыру үшін ұжымда қолайлы моральдық ахуал жасау маңызды. Нақты жағдайды анықтау және қажетті шараларды қабылдау мақсатында қызметкерлер арасында анонимді сауалнама жүргізуді тапсырдым, – деп жазды ПД бастығы өзінің фейсбуктегі парақшасында.