Алматы полициясы «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр
Алматы полициясы елде заңсыз жүрген шетел азаматтарын іздеп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жергілікті полиция қызметі мен көші-қон қызметінің қызметкерлері «Көк базар» аумағында заңсыз жүрген азаматтарды анықтау мақсатында рейд жүргізді.
– Алдын алу шараларының нәтижесінде аудандық полиция басқармасына 72 шетел азаматы жеткізіліп, олардың әрқайсысының Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар-жоғына құжаттары тексерілді. Көші-қон заңнамасын бұзған 15 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, соттың қарауына жіберілді. Полиция басқармасына жеткізілген барлық шетелдік азаматқа Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының нормалары түсіндірілді. Олардың әрқайсысына Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін жауапкершіліктің жоғары болатындығы тағы да ескертілді, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Осындай рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады.