Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада қариялардың 100 млн теңгеден астам ақшасын иемденген жалдамалы алаяқтар құрықталды

Полицейлер қарт астаналықтардан миллиондарды алдап алған жалдамалы алаяқтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорда полициясында егде жастағы адамдарға қатысты жасалған алаяқтық жағдайлары тіркелген. Алаяқтар телефон арқылы қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан үлкен сомада ақшаны алдап алған.

Қаскүнемдер терроризмге демеушілік жасауға қатысы бар деген сылтаумен жәбірленушілердің банктік шоттары тексеріліп жатқанын хабарлаған. Бұл ретте заңсыз операцияның алдын алу үшін астаналықтарға барлық қолда бар қаражатты «қауіпсіз» банктік шотқа аудару ұсынылған.

Осылайша қаланың 68 жастағы тұрғыны алаяқтарға алданып, оларға 75 млн теңге ақшасын берген. Ер адам ақшаның бір бөлігін, яғни 20 млн теңге мен 35 мың АҚШ доллары көлеміндегі соманы такси курьері арқылы беріп жіберген, ал ол өз кезегінде ақша салынған пакетті белгісіз адамға берген.

Басқа бір жағдайда алаяқтар 70 жастағы астаналықты алдап, оның 55 млн теңгеден астам ақшасын иемденген. Ол 59 мың АҚШ долларын және сувенир монеталарды дропперге берген. Қалған бөлігін әр түрлі шоттарға аударған.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордалық жедел уәкілдер Павлодар облысының 21 жастағы тұрғынын анықтады, ол қылмыстық схемада дроппер рөлін атқарған. Жігіттің айтуынша, ол Telegram мессенджерінен осы жұмысты тауып, әрбір осындай көрсеткен қызметі үшін 150 мың теңгеден алған. Сонымен қатар жәбірленушілер үлкен сомада ақша аударған шоттарды бұғаттау бойынша санкциялар жіберілді. Қылмыстық схеманың барлық қатысушыларының жеке басы анықталды, – деді елордалық ПД бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов .

Қазіргі уақытта полицейлер алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады, қылмыстың қалған қатысушыларының орналасқан жері анықталуда. Күдікті ПД УҰИ қамалды.

Тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға, күмәнді қоңырауларға сенбеуге және эмоцияға берілмеуге шақырады. Ақша қаражатын бейтаныс адамдарға аударуға немесе беруге болмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру