ШҚО полициясы жоғалған жасөспірімді іздеп тапты
ШҚО полициясы жоғалған жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 тамыз күні кешке Риддер полициясына өзінің 10 жастағы қызы Евгенияның сағат 18:00-19:00 шамасында үйден шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы әйел адамның өтініші келіп түскен. Өз бетінше іздеу жұмыстарынан нәтиже болмаған соң ата-ана полиция қызметкерлерінен көмек сұрауға шешім қабылдаған.
Полиция бөлімінің жеке құрамы еріктілермен бірлесіп, дереу іздеуге кірісті, бала жүруі мүмкін деген жақын маңдағы аймақтың әр бұрышы қаралды.
6 тамыз күні таңертеңгі уақытта, жасөспірім жергілікті тұрғындардың бірінің үйінде болғаны белгілі болды. Қала тұрғыны кешке көшеде келе жатып, жылап тұрған қызды байқаған. Онымен бірге үйге келген бала ештеңе айтпастан бірден ұйықтап қалған. Ертесіне оянып, әлеуметтік желілерде іздеу туралы ақпаратты көрген тұрғын тәртіп сақшыларына жүгінген.
Қазір баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, ол туыстарымен бірге. Онымен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Тәртіп сақшылары Риддер қаласының тұрғынына немқұрайлық танытпағаны үшін алғыс білдірді. Полиция департаменті азаматтардан егер осындай жағдайларда қатысушы немесе куәгері болсаңыз, дереу “102” арнасына хабарласуын сұрайды.