”Таза Қазақстан”: Түркістан облысында 23,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» іс-шарасында 23,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының әкімі Д. Сатыбалды мен полиция департаментінің бастығы М. Қабденовтың тапсырмасымен, облыс аумағында қоршаған ортаны көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі іс-шараларды жандандыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы өткізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы ПД-ның аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері белгіленбеген жерлерде қоқыс шығару фактілерін анықтау, полигондардан тыс сұйық қалдықтардың төгілуін болдырмау, абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Мәселен «Таза Қазақстан» акциясы кезінде, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 14315 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны және жасыл желектерді бүлдіргені үшін 5337 адамға ескерту жасалды, ал 230 адамға қатысты айыппұл салынды. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдану фактісі бойынша 3777 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек тәртіп сақшылары құзыретті мемлекеттік органдармен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, халық арасында әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау және анықтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.