Қызылордада пробация есебіндегі 6 сотталған қайтарымсыз грант ұтып алды
Қызылордада пробация есебіндегі 6 сотталған қайтарымсыз грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация есебіндегі тағы 6 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Олар «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негізінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында оқып, мал шаруашылығы бойынша бизнес жоба дайындап, 1 млн 476 мың теңге көлемінде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алды.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаеваның айтуынша, есепте тұрған сотталғандар әлеуметтік-құқықтық көмектерді алып жатыр, соның ішінде жеке кәсібін ашып, дамытушылар саны көбейіп жатыр.
– Бұған дейін үш сотталған мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтқан еді, міне тағы 6 сотталған бизнес жоспарларын қорғап, қаражат ұтып алды. Бүгін осы алты азаматқа сертификаттары табысталды. Пробация есебіндегі сотталғандардың жеке кәсіп ашуы – олардың өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, қоғамға тез бейімделіп кетуіне негіз болады, – дейді Ф.Сембаева.
– Бизнес жобам мақұлданып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алғаныма қуанып тұрмын. Енді кәсібімді ашамын. Кондитер өнімдерін шығарып, халыққа сапалы өнім ұсынамын. Кондитерлік өнімдер әрдайым сұраныста. Жеке кәсіп ашсам деген өтінішіме құлақ асып, көмек көрсеткен жергілікті атқарушы органдар мен Қызылорда қалалық пробация қызметіне алғысымды білдіремін, – деді пробация есебіндегі тұрғын.