Алматы облысындағы автожолдарды тексеру барысында 923 ұйғарым шығарылды
Алматы облысындағы автожолдарды тексеру барысында 923 ұйғарым шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері өңірдегі жолдардың жағдайын мұқият тексеруді жалғастыруда. Жыл басынан бері анықталған кемшіліктерге байланысты жол ұйымдарына 923 ұйғарым жолданды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жарақаттану санын азайту мақсатында әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясының инспекторлары жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, оның ішінде мемлекеттік және жергілікті маңызы бар жолдарды жүйелі түрде тексеріп отырады.
– Тексеру барысында жолдағы апаттардың туындау себептері анықталады. Автомобиль жолдарын тексеру қорытындысы бойынша жыл басынан бері анықталған кемшіліктерді жою туралы 923 ұйғарым шығарылды, – деді облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов.
Алматы облысының аумағында жалпы пайдаланымдағы автожолдардың ұзындығы 12 мың шақырымнан асады, оның ішінде 1740 км республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар, 3370 км облыстық және 6890 км жергілікті маңызы бар автожолдар.
– Жалпыға ортақ пайдаланымдағы автожолдар тексеруден өтеді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 222 лауазымды тұлға жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам айыппұл санкцияларын салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көше-жол желісіндегі кемшіліктер үшін бірқатар аудандардың әкімдері мен ТКШ басшылары жазаланды, – деп толықтырды Е. Ахметов.