Түркістан облысында полиция мен еріктілер есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазуларды өшірді
Түркістан облысында полиция мен еріктілер есірткі сайттарын жарнамалайтын граффитилерді өшірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффитилерді жою бойынша акция ұйымдастырды.
Мәселен, тәртіп сақшылары Түркістан қаласы аумағында, Сарыағаш, Жетісай, Төлеби, Сайрам аудандарында еріктілермен бірлесіп, көшелерде, ғимараттар мен құрылыстардың қабырғаларына есірткі сайттарын жарнамалайтын жазулар мен граффитилерді анықтап, жойып шықты.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың есірткінің таралуына теріс көзқарасын қалыптастыру.
Жыл басынан бері Түркістан облысында полицейлер есірткі заттарын насихаттау мен заңсыз жарнамалаған сурет, жазулардың 8 фактісін анықталды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға, құқық бұзушылық жасамауға және заңды сақтауға шақырады. Айта кетейік, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.