Сотталғандар тарихшымен салт-дәстүр және әдет-ғұрып тақырыбында әңгімелесті
Тарихшы Жарас Ахан Маңғыстау облысы ҚАЖ департаментінің тергеу изоляторында сотталғандармен салт-дәстүр және әдет-ғұрып туралы әңгімелесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №77 мекемесінде (тергеу изоляторы) салт-дәстүр және әдет-ғұрып тақырыбында тәрбиелік кездесу өтті. Кездесуге белгілі тарихшы, философия ғылымдарының докторы Жарас Ахан қатысты.
Кездесу барысында Жарас Ахан қазақ халқының байырғы тарихы мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерінің маңыздылығына тоқталды. Ол қазақ қоғамындағы дәстүрлердің әлеуметтік және рухани өмірдегі рөлін түсіндіріп, ұлттық әдеп-ғұрыптардың адамның мінез-құлқы мен тәртібіне қалай әсер ететінін атап өтті. Тарихшы әрбір салт пен дәстүрдің мәнін ашып, олардың тәрбиелік және мәдени құндылықтары туралы қызықты әңгімелер қозғады.
– Қазақ халқының салт-дәстүрі – ұлттың рухани байлығы. Олар біздің мәдениетіміздің іргетасы, әрі тәрбиенің негізгі көзі. Әрбір дәстүр адамның ішкі жан-дүниесін байытып, оның қоғамға деген жауапкершілігін арттырады, – деді Жарас Ахан.
Сұхбат барысында сотталғандар Жарас Аханға сұрақ қойып, ұлттық құндылықтар туралы өз ойларымен бөлісті. Әсіресе, әдеп-ғұрыптардың қазіргі заман қоғамындағы орны және оларды күнделікті өмірде қалай сақтау керектігіне қатысты пікірлер қызу талқыланды.
Мекеме басшылығы бұл сұхбаттың сотталғандардың ұлттық рухани мұраларды түсініп, ішкі жан-дүниесін тәрбиелеуіне оң ықпал еткенін ерекше атап өтті.
– Мұндай кездесулер сотталғандарға өздерінің мәдени тамырларын тереңірек түсініп, болашаққа жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Олар үшін рухани даму – түзелу жолындағы маңызды қадам, – деді мекеме бастығының орынбасары Азат Шабиков.
Кездесу соңында сотталғандар Жарас Аханға алғыстарын білдіріп, осындай танымдық кездесулердің маңыздылығын жоғары бағалады.