Биыл көлік полицейлері 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісін жауапқа тартты
Биыл көлік полицейлері 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісін жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көлік полицейлері 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері кез келген құқық бұзушылыққа “мүлдем төзбеушілік” қағидаты бойынша профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді. Біз бұл бағытта жүйелі жұмысты жалғастыра береміз, – деді департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін 2841 түлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 529-ы заңсыз такси жүргізушісі.
Мәселен, осы жылдың 11 қыркүйегінде Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері келуші жолаушылардың мазасын алып, жеке тасымалдау қызметін ұсынған 40 және 57 жастағы қала тұрғындарын анықтап, ұстады.
Құқық бұзушылар қоғамдық орындарда тиіскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жұртшылық пен туристер жүргізушілердің дөрекі әрі адамның мазасын алып тиісетін мінез-құлықтарына наразы. Осыған дейін заңсыз тасымалдаушылардың шетелдік азаматтарды әуежайдан межелі баратын жеріне дейін әдейі көтерілген жоғары бағамен тасымалдаған жағдайлары болған. Әрине, мұндай оқиғалардан кейін елімізге келген шетелдік қонақтарда жағымсыз пікір қалыптасады. Мұндай фактілер ешқашан назарымыздан тыс қалған емес, құқық бұзушылар міндетті түрде тиісті жауапқа тартылады, – деді ПД бастығы.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін ескерту немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, осы құқық бұзушылықты қайталап жасаған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.
Шетелдіктер үшін мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК айыппұл, қамауға алу немесе ҚР шегінен тысқары шығару көзделген.