Елордада танысының ақшасын алаяқтықпен иемденген күдікті ұсталды
Астанада жүргізуші куәлігі мен әскери билетті ресімдеуге байланысты алаяқтық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жолмен жүргізуші куәлігі мен әскери билетті ресімдеуге көмек көрсету сылтауымен ақша иемденген 21 жастағы жігітті ұстады.
Жігіт жүргізуші куәлігін рәсімдеу мүмкіндігі бар екеніне танысын сендірген. Оның тұзағына 20 жастағы қала тұрғыны түсіп қалған, оған жоғалған құжатты қалпына келтіріп, жұмысқа орналасу үшін әскери билет керек болған. Күдікті азамат клиенттің сеніміне кіріп, одан 250 мың теңге алған. Ақшаны алғаннан кейін қаскүнем байланысқа шығуды тоқтатқан. Алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінді.
Ұсталған азамат жасаған ісін мойындады.
ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полиция қылмыскердің басқа да алаяқтыққа қатысы бар-жоғын анықтау үшін тексеруді жалғастырып жатыр.