Қызылордада кірістер департаментінің қызметкерлері темір тордың ішкі тынысымен танысты
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында экскурсия өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жиынға Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері келіп, темір торды өз көздерімен көрді. Басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бас бостандығынан айыру мекемелерінде болудың ауыртпалығын сезіндіру арқылы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Бұл экскурсияның мемлекеттік қызметкерлер үшін тәрбиелік мәні зор. Себебі мекеменің режим және күзет бөлімінің бастығы Асылбек Төребеков экскурсияға келушілерді тергеу мекемесінің арнайы контигенттер ұсталатын аймағындағы шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар жататын жатақхананы, камераларды және тәртіптік изоляторды аралатып, жазасын өтеушілердің режимдік аймақта ұсталу жағдайымен таныстырып шықты. Алдымен, кезекші бөлімге апарып, тергеу мекемесінің негізгі қызметтік міндеті, мекеме ішінде жүріп тұру жағдайы жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тергеу мекемесінің негізгі міндеті – күдіктілер мен айыпталушылар және тергеудегілер мен бес жылға дейінгі сотталғандарды ұстау және олардың режимдік тәтібін қадағалау мен сотталған азаматтардың жаза мерзімін өтеу барысында өмірге қайта бейімдеу, тәрбиелеу. Яғни мұнда сот үкімі заңды күшіне енгенге дейінгі айыпталушылар мен күдіктілер және шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар отырады. Сыйымдылығы – 430 адам. Қазіргі таңда қамауда 250-ге жуық азамат бар.