Биыл көлік полицейлері 67 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты
Биыл көлік полицейлері 67 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 9 айында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 67536 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 35721 тұлға, алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 5310, қоғамдық орындарда тиіскені үшін 3007, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 2053, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз болғаны үшін 1337, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 551 адам, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін 1 362 құқық бұзушы бар.
Мәселен, 30 қыркүйекте Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Тбилиси – Астана бағытындағы әуе рейсі командирінің актісі бойынша құқық бұзушыны ұшақтан түсіріп алды.
Тексеру кезінде Армения Республикасының 31 жастағы азаматының ұшақ бортында электронды темекі тұтатқаны анықталды.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК, яғни, 184 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ қабылдау-тарату орындарына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 375 адам орналастырылды. Медициналық айықтырғыштарға 1049 және арнайы қабылдау орындарына 152 адам жеткізілді.