Жетісу облысында полицейлер сауда нүктелері мен ойын-сауық мекемелеріне рейд жүргізді
Жетісу облысында полицейлер сауда нүктелері мен ойын-сауық мекемелеріне рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс орталығының сауда нүктелері мен ойын-сауық мекемелері бойынша ауқымды бірлескен рейд өткізілді. Іс-шара еріктілер мен қоғамдық көмекшілердің қатысуымен ұйымдастырылды, бұл құқық қорғау органдары мен белсенділердің алкоголь өнімдерін заңсыз сатумен күресу және жастар арасында алкогольді тұтынудың алдын алу үшін күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік берді.
Рейдтің негізгі мақсаты – спирттік ішімдіктерді сатуға қатысты заңнаманы бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ мекемелердің иелерімен және қызметкерлерімен алдын алу жұмыстарын жүргізу болды. Полиция қызметкерлері алкогольді заңсыз сатқаны үшін көзделетін әкімшілік кодекстің нормалары туралы түсініктеме берді. Еріктілер өз кезегінде сатып алушылар мен сатушыларға алкогольдің зияны және оның денсаулыққа әсері туралы айтты.
Рейд жүргізу үшін учаскелік полиция инспекторларынан, еріктілерден және кәсіпкерлік бөлімінің өкілдерінен тұратын 10 мобильді топ құрылды. Іс-шараға барлығы 17 учаскелік инспектор, 15 ерікті және кәсіпкерлік бөлімінің 2 қызметкері қатысты.
Рейд барысында қаланың орталық бөлігіндегі 15 ойын-сауық орны және 30-ға жуық сауда нүктелері, әсіресе мектептер мен колледждерге жақын орналасқан орындар тексерілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылды: еріктілер алкогольдің зияны туралы ақпаратты қамтитын брошюраларды белсенді түрде таратып, сатушылармен заңнаманы сақтаудың маңыздылығын талқылады.
Мұндай іс-шаралар алкоголь өнімдерін сату нормалары мен ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтуге, сондай-ақ жастар арасында алкоголизмнің алдын алуға ықпал етеді.