Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Төрт түлікті қараусыз қалдырмаған жөн

Күз айы соғым уақыты, барымташылардың атқа қонатын мезгілі десек артық айтпаспыз. Мал ұрлығының алдын алу полицияның басты назарында. Polisia.kz сайты осы тақырыпқа аз-кем көз жүгірткен еді. 

Қазақстанның мәдениеті мен тарихы ғасырлар бойы мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Төрт түлік – ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың маңызды бір секторы. Сондықтан мал ұрлығы қай кезде де өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселе ретінде қоғамда алаңдаушылық туғызып келеді. Бұл қылмыс ауыл шаруашылығымен айналысатын елді мекендердегі халықтың тұрмысына кері әсер етіп, көптеген отбасын табысынан айыруы мүмкін. Мал ұрлығынан тек материалдық шығындар келіп қана қоймайды, сонымен қатар қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп те бұзылады.

Қазақстан полициясы үшін мал ұрлығымен күресу – басты міндеттердің бірі. Құқық қорғау органдары ұрлықпен күресуде жаңа әдістер мен технологияларды енгізіп, тұрғындардың мүддесін қорғау жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Полиция қылмыстың алдын алу мен ұрыларды анықтау бағытында бірқатар кешенді шараларды іске асырып жатыр. Бұл жұмыстар тек қылмыскерлерді ұстаумен шектелмейді, сонымен қатар ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, заманауи технологияларды қолдану арқылы қадағалау және алдын алу шараларын кеңейтуге де бағытталған.

ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен мал ұрлығына қарсы іс-қимыл арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асуда. Мәселен, 2024-2026 жылдарға арналған «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл» бағдарламасы мал ұрлығының алдын алуға бағытталған. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз ынтымақтастықта іске асырылып, сәйкестендіру мен малды есепке алу жүйесін жетілдіруді көздейді.

Жыл басынан бері Қазақстанда мал ұрлығының 642 оқиғасы тіркелген. Оның 476-сы немесе 74%-ы еркін жайылымнан жасалған. Соңғы жылдары бұл қылмыстардың саны 31,3%-ға азайған. Осы оң өзгерістерге Ішкі істер министрлігінің қабылдаған шараларының ықпалы зор. Соңғы үш жылда жалпы мал ұрлығы 35%-ға азайып, мыңдаған мал иелеріне қайтарылды. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының қылмыспен күрестегі жүйелі жұмысының айқын дәлелі.

– Мал шаруашылығы – ауыл тұрғындары мен фермерлер үшін аса маңызды сала, ал кейбір жағдайларда жалғыз күнкөріс көзі. Сондықтан мал ұрлығы елді мекендердегі ең резонансты қылмыстардың бірі.  2019 жылы Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер бойынша, мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді ІІМ КПД АМІЖ аға жедел уәкілі Руслан Касенов.

Қазіргі таңда мал ұрлығының алдын алу үшін заманауи технологияларды енгізу мәселесі өте өзекті. Полицияның ұсынып отырған шешімдерінің бірі – малға чип орнату және GPS трекерлерін қолдану. Бұл әдіс ұрлық болған жағдайда жануарларды тез табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар полиция ұрлыққа қарсы профилактикалық шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отырады. Көктем және күз айларында, әсіресе соғым маусымы кезінде, республикалық деңгейде жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

Мал иелеріне ұсынатын тағы бір маңызды кеңес – үшжақты шарттар жасасу, яғни мал иесі, жергілікті әкімдік және малшы арасында келісімге келу. Мұндай келісімдер малдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оны бақылауды жеңілдетеді.

– Оң нәтижеге қол жеткізудің тікелей себебшісі ол – ведомстволық бағдарламаларды іске асыру. Онда мал ұрлығына жеке көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда 2024-2026 жылдарға арналған «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс қимыл» бағдарлама мал ұрлығымен күрес тиімділігін арттыруға бағытталған. Аталған Бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады. Онда сәйкестендіру және есепке алу өзекті мәселелердің бірі. Есепке алынбаған мал статистика үшін ғана емес, қылмыстық процесс үшін де қиындық туғызып отыр. Мал ұрланған жағдайда полиция жануарларды тек олардың сыртқы сипаттамаларына сәйкес іздеуге мәжбүр.  Бұл жағдайда қолда бар малды цифрландырудың заманауи әдістерін қолдану оң әсер етеді. Атап айтқанда, чиптеу әдістерін қолдану керек, – дейді Руслан Касенов.

Аға жедел уәкілдің айтуынша, мал иелері де өз мүліктеріне жауапкершілікпен қарағандары жөн. Малды қараусыз қалдыру, өз бетінше жіберіп қоюдың соңы да үй жануарларының жоғалуына алып келіп жатады. Сондықтан ІІМ бастамасы бойынша, ҚР 2019 жылғы 28 қазандағы №268-VІ Заңымен жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша заңнамалық құзыреті берілген. Осы қағидаларға сәйкес малды бақылаусыз жаюға тыйым салынады.

Мал иелері осы қағидаларды бұзған жағдайда ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Ол 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салынады.

Иллюстративное фото

Жалпы, ІІМ қолданылып жатқан шаралар нәтижесінде, соңғы 3 жылда мал ұрлығының саны 35%-ға азайды. Егер 2022 жылы сегіз айды салыстырғанда, 1 мың 300 астам қылмыс тіркелсе, 2024 жылы ол қылмыстардың саны 650-ден аспайды. Аталған санаттағы қылмыстардың ең көп тіркелуі Алматы (150), Түркістан (123) және Жетісу (89) облыстарына тиесілі. Сол 3 жылдың ішінде 17 мыңнан астам мал (17858) ұрланған, оның жартысы иелеріне қайтарылып, 1 мыңнан астам адам (1363) қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан полициясы мал ұрлығына қарсы күресте тыңғылықты шаралар қабылдауға кірісіп, бұл қылмысты түбегейлі жоюға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Өзара іс-қимыл жоспары бойынша жабайы малды іздеу және қайтару  бойынша шекаралас елдермен ынтымақтастық та жүзеге асырылады. Полиция қызметкерлері тек құқық бұзушыларды ұстап қана қоймай, мал ұрлығының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды да белсенді түрде жүргізуде. Соңғы жылдардағы бұл саладағы тәжірибе құқық қорғау органдарының кәсібилігі мен ынтымақтастығының маңыздылығын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру