Қызылорда облысының полицейлері студенттермен кездесті
Қызылорда облысының полицейлері студенттерге бағыт-бағдар берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Осы мақсатта Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесті.
Кездесу мақсаты – білім алушыларға құқық бұзушылықтың мәнін түсіндіру, құқық бұзушылықтың түрлерімен таныстыру арқылы заң сыйлағыш тұлғаны қалыптастыру, тәртіптік, азаматтық-құқықтық, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық негіздерінен қазіргі заман тұлғасына ең қажеттерін іріктеп ала білуге үйрету.
Шараға Қызылорда облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Берікбол Ерімбетов, жедел уәкіл Асанхан Сабыржан және Қызылорда қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Еркебұлан Қасымов, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Раушан Елеусинова, колледждің учаскелік полиция инспекторы Батырбек Романов және топ жетекшілері мен білім алушылар қатысты.
Кездесу барысында директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Раушан Елеусинова құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасында топтық төбелеске және құқық бұзушылыққа жол бермеу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктің түрлері түсіндірілді.
Сонымен қатар департаменттің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмаған балалар арасында қоғамдық орындарда суық қаруларды және көзді жасаурататын бұрыш спрейлерін ұстап жүрудің қаншалықты заңсыз екендігін түсіндірді.
Жиында учаскелік полиция инспекторы Батырбек Романов жастарға құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күрес бағытындағы жаңа жүктемелерді таныстырып өтті.
Студенттер тарапынан көптеген сұрақ қойылып, оларға полиция қызметкерлері толыққанды жауап берді.