СҚО-да полицейлер күдіктіден есірткі салынған 190 түйіншекті тәркіледі
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 28 жастағы петропавлдықтан аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті азамат Жұмабаев көшесінде ұсталды. Жеке тінту кезінде тәртіп сақшылары оның қалтасынан дозаларға бөлінген α-PvP есірткісі салынған 190 түйіншекті тәркіледі.
Күдіктінің жалдамалы пәтерінен «синтетика» салынған пакет, сондай-ақ буып-түюге арналған электрондық таразы, зип пакеттер, изолента, жазбалары бар дәптер, сондай-ақ АҚШ доллары мен Түрік лиралары тәркіленді. Күдіктінің айтуынша, ол шетел валютасын «коллекциялаған».
– Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 205 грамнан асты. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Бұл шамамен бір реттік 1200 дозаны құрайды. Қазіргі уақытта ұсталған адам қамауда. Өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде есірткіні сақтағаны үшін ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.