Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар спорттық жарысқа қатысты

Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар садақ атудан және үстел теннисінен сынға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қармақшы ауданында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік тапсырысы негізінде «Ораз ахун» қоғамдық қоры мен аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар арасында садақ атудан жарыс ұйымдастырылды.

Бұл іс-шара ұлттық спорт түрлерін дәріптеу және қоғамға қайта бейімделуді қолдау мақсатында жүзеге асырылды. Ұлттық мұраларымыздың бірі саналатын садақ ату жарысы, әсіресе, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға сенімділік пен жігер сыйлайтын ерекше мүмкіндіктердің бірі ретінде бағаланды.

Жарысқа 30-дан астам азамат қатысты. Қатысушылар садақ ату арқылы физикалық дайындықтарын шыңдап қана қоймай, байырғы ұлттық құндылықтарға деген құрметті де сезіне алды. Мұндай іс-шаралар пробация есебіндегі тұлғалардың өз-өздеріне деген сенімділікті арттырудың тиімді тәсілі саналады. Жарыс барысында жеңіске жеткен қатысушылар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

– Садақ ату жарысына қатысып, жүлделі орын алу маған үлкен қуаныш сыйлап, болашаққа деген сенімімді нығайтуға мүмкіндік берді, – деп сотталғандардың бірі.

Сондай-ақ пробация есебіндегі жастар Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен үстел теннисінен жарысқа қатысты.

Спорттық шараның негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған жастардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету, олардың спорт арқылы денсаулығын нығайтып, әлеуметтік байланыстарын жақсарту.

Сайысқа Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Қасымжомарт Алдаберген мен аудандық пробация қызметінің инспекторы Асылжан Сақыбеков қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Үстел теннисі жарысы барысында қатысушылар өздерінің жоғары деңгейдегі дайындығын, шеберлігін көрсетіп, тартысты ойын өтті. Жарыс нәтижесінде үздік шыққан қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл жарыс тек спорттық сайыс қана емес, сондай-ақ азаматтардың қоғаммен араласуына, өзіне деген сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды шара болды.

– Сайыста жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл жарыс маған өмірге деген көзқарасымды өзгертуге көмектесті. Спорт арқылы өзімді жетілдіріп, алға ұмтылуға шабыт алдым. Осындай шаралар бізге үлкен қолдау көрсетіп, болашаққа жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, – дейді сотталған азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру