Елордада дүкеннен сусабын ұрлаған ер адамның ісі камераға түсіп қалды
Елордада дүкеннен сусабын ұрлаған ер адамның ісі камераға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаладағы желілік супермаркеттердің бірінің әкімшісі полицияға ұрлық туралы хабарлады. Түскі уақытта дүкенге келушілердің бірі витринадан 29 бөтелке сусабынды алып кетіп, материалдық шығын келтірген.
Полиция күдіктіні бақылау камераларының жазбасына түсіп қалғанын анықтады. Ер адам тауарларды дорбасына салып, дүкеннен төлемей шығып кеткен.
Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 31 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, ұрланған затты өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдарға сатқанын және одан түскен ақшаны өз керегіне жұмсағанын айтты.
Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас 2 эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
Күдіктіге тиісті мінез-құлық және ешқайда шықпау туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.