Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еңбек арқылы түзету: Қызылордада сотталғандар кәсіп меңгеруде

Қызылордада сотталғандар бетон сақиналарын дайындайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда тұр. Қазіргі заманда жұмыспен қамту маңызды міндет болса, жазасын өтеушілерге еңбек ету мүмкіндігімен қамтамасыз ету – тәрбиелеудің ең тиімді құралдарының бірі. Екі қолға бір күрек табылмай жатқан уақытта, ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға тұрақты жұмыс орындарын ұсыну мәселесі жолға қойылған.

Бұл бағыттағы жұмыстар N 37 түзеу мекемесінде жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мекеме әкімшілігі жеке кәсіпкерлермен келісімшарт негізінде жазасын өтеушілерді тұрақты жұмысқа орналастырып, олардың өмірге деген сенімін қалпына келтіруге ықпал етуде.

Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Сая Кенжеғұлованың айтуынша, жұмысқа орналасқан жазамын өтеушілер бостандыққа шыққан соң қоғамға бейімделу, өздеріне деген сенімділікті нығайту жолында үлкен қадам жасайды. Олардың еңбекке араласуы бос уақытты дұрыс пайдалануға, артық ойлардан арылуға сеп болады. Мұнда алынған тәжірибе мен дағдылар бостандыққа шыққаннан кейін өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда N 37 мекемесінде 160-тан астам жазасын өтеуші қаладағы 22 кәсіпорында жұмыс істейді. Олар газоблок, пескоблок, дәнекерлеу, кірпіш өнімдерін өндіру, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз дайындау секілді әртүрлі өндіріс салаларында еңбектенуде.

Алғашқы өндіріс аймағында 12 сотталған азамат бетон сақиналарын дайындап жатыр. Олар құрылысқа қажетті газоблок, құм блоктары және бетон сақиналарын жоғары стандарттарға сай өндіруде. Бір жұмыс күнінде орта есеппен 150-200 газоблок пен пескоблок, 7-8 бетон сақинасы дайындалады. Бұл өнімдер құрылыс алаңдарында, әсіресе, кәріз жүйелері мен су құбырларын орнатуда кеңінен қолданылады.

– Күніне 7-8 дана бетон сақинасын құямыз. Көктем және жаз айларында тапсырыстар көбейеді, сондықтан оларды уақытында орындауға тырысамыз. Жұмыс барысында барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгенбіз, ал жалақымыз ай сайын уақтылы төленіп тұрады. Осы арқылы мемлекет алдындағы қарыздарымызды өтеу мүмкіндігі бар, қалған қаражатты отбасымызға жібереміз. Бостандыққа шыққан соң жеке кәсіп ашуды да жоспарлап отырмын. Қателік жасадым, бірақ ҚАЖД қызметкерлері еңбекке тартып, түзелуге көмектесіп жатыр, – дейді Б. есімді сотталған.

Жазасын өтеушілердің еңбегі күнделікті мекеменің жауапты қызметкерлері тарапынан қадағаланып отырады. Жұмысқа кірісер алдында оларға қауіпсіздік ережелері үнемі ескертіледі. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру