Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция құны 55 миллион теңгеге жуық вейпті тәркіледі

Павлодар облысында полиция құны 55 миллион теңгеге жуық вейпті тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында полицейлер электронды темекіге қатысты заң бұзушылықтың жолын кесіп, жалпы құны 55 миллион теңгеге жететін вейп партиясын тәркіледі.

Екібастұз қаласындағы өнеркәсіптік база аумағында орналасқан қоймада полицейлер 5503 дана вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны анықтап, тиісті шаралар қолданды. Бұл заңсыз тауар сатылымға шығарылмақ болған. Ресми тыйым салынғанына қарамастан, жастар интернет-дүкен арқылы мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды пайдаланып, вейптерді сатумен айналысқан. Нәтижесінде заңсыз электронды темекі сатты деген күдікпен екі азамат полицияға жеткізілді.

– Темекі өнімдеріне жатпайтын электронды тұтыну жүйелерінің, ароматизаторлар мен сұйықтықтардың айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деп хабарлады Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.

Рейдтік іс-шаралар барысында интернет-дүкен арқылы тапсырыстар бойынша жеткізуге арналған вейп өнімдері бар автокөлік тоқтатылып, тексеру нәтижесінде заңсыз тауар табылды.

Полиция 20 маусымда Қазақстанда вейп және оларға арналған сұйықтықтардың айналымына тыйым салу туралы заң күшіне енгенін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру