СҚО-да полицейлер үш күн ішінде 20 мас жүргізушіні ұстады
СҚО-да полицейлер үш күн ішінде 20 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері СҚО полицейлері спирттік ішімдік ішіп алып көлік тізгіндейтін жүргізушілерді анықтау жұмыстарын күшейтті. 1-3 қараша аралығында облыста «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Оған 350-ден астам полиция қызметкері, мүдделі ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды. Тексеру жұмыстары барысында 20 мас жүргізуші анықталды.
– Осындай күйде көлік жүргізу құқық бұзушыға да, қозғалыстың басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді. Жыл басынан бері облыс жолдарында мас жүргізушілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан бір адам қаза тауып, 24 адам жарақаттар алды. СҚО ПД басшылығының тапсырмасы бойынша мұндай жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыс ұдайы жүргізіліп тұрады, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Іс-шара барысында полицейлер жол жүрісі қағидаларының 800-ден астам түрлі бұзушылығын анықтады.