Түркістанда ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 3900 дерегі анықталды
Түркістанда полиция ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 3900 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұртшылықты “нөлдік төзімділік” қағидатына дағдыландыру, ұсақ бұзақылықтарға жол бермеу бағытында Түркістан облысының полицейлері жан-жақты алдын алу шараларын атқаруда. Қоғамдық орындарды ластау жайттарына қарсы бейнебақылау камералары арқылы анықталған құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қойып, ескерту берілуде.
Мәселен, жедел басқару орталығының қызметкерлері Түркістан қаласында қоғамдық орындарға қоқыс қалдықтарын тастаудың, темекі өнімдерін қалдырудың 3900-ге жуық жайты анықталды.
Облыс орталығының Кенесары көшесінде жергілікті тұрғын көлігінде отырып, өзі тұтынған темекенің тұқылын қоғамдық орынға тастай салған сәті бейнебақылау камерасына ілікті. Жедел басқару орталығының қызметкері бірден жақын маңдағы полицияға хабарлады. Учаскелік инспектор құқық бұзушыға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті хаттамасын толтырды.
Тағы бір 35 жастағы тұрғын қолындағы қоқысын жол ортасына лақтыра салған. Бейнебақылау камерасына түскен құқық бұзушылық бойынша сол аумаққа белгіленген полицей шұғыл жетіп, заңға сәйкес айыппұл жазып, алдағы уақытта қайталамауын ескертті.
Полиция қызметкерлері азаматтарды құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырады.