Қарағанды облысында полицейлер аққуды құтқарып қалды
Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы орман шаруашылығы инспекторымен бірлесіп сыңарынан адасып қалған аққуды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қараша күні таңертең Қарағанды облысының тұрғынынан Бұқар жырау ауданының Ақтау кентінде суда аққу жүзіп жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Алаңдаған азаматтар дереу көмекке жүгініп, құстың қиындыққа тап болғанын білген.
Қарағанды облысының ПД табиғатты қорғау полициясы жергілікті тұрғындар берген ақпаратқа жедел ден қойып, Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандарымен бірлесіп, құс табылған жерге дереу барды.
Бірлескен күш-жігермен құс құтқарылды. Ветеринармен мұқият тексерілді. Медициналық тексеруден кейін аққуға қосымша күтім қажет екені белгілі болды. Осыған байланысты аққуды Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында одан әрі емдеу үшін қалдыру туралы шешім қабылданды.