Ұлытау облысында жолды күтіп ұстамаған 91 лауазымды тұлға жазаланды
Ұлытау облысы полиция департаменті республикалық, жергілікті автомобиль жолдарының қалыпты жұмыс жасауын ұйымдастырушы «КазАвтоЖол Сервис» мен «Tranco Express» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің арнайы техникаларының қысқы маусымға дайындығын тексерді., – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдағы маусымда арнайы техниканың жолда үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін дайындық әзірден басталды. Қазіргі уақытта мердігер ұйымның меншігінде күз, қыс мезгілінде пайдалануға арналған 114 бірлік арнайы техника бар. Одан бөлек мердігер ұйым түрлі мақсатта пайдалану үшін 11 арнайы техниканы жалға алуға келісімшарт жасады. Көктайғақ кезінде жолға себу үшін 4 мың тонна құм мен 150 тонна тұзды сатып алу бойынша жұмыстар жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, алдағы маусымда жол учаскелерде күтіп-ұстау жұмыстарына 50 адам жұмылдырылады. Ұлытау облысындағы автомобиль жолдарының жалпы көлемі 2700-ден астам шақырымды құрайды.
Әкімшілік полиция қызметінің жол-техникалық инспекциясы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына 269 тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға 269 ұйғарым берілді. Автомобиль жолдарын сапасыз ұстағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 91 лауазымды тұлға тартылды.