СҚО-да қар басқан жолдарда полицейлер жүргізушілерге көмектесіп жатыр
СҚО-да қар басқан жолдарда полицейлер жүргізушілерге көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстістік Қазақстан облысында жауған қар жолдардағы жағдайды күрт қиындатып жіберді. Полицейлер жүргізушілерді шұғыл қызметтердің хабарламаларын мұқият бақылауға, жолдарда мұқият болуға шақырады.
Дауыл кезінде Астана – Петропавл автожолының 446-шақырымында жүк көлігі жол жиегіне шығып тұрып қалды. Полицейлер ауыр жүк көлігін жолға қайтару үшін басқа жүк көлігін тауып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Ал Көкшетау – Рузаевка автожолының 77-шақырымы Антоновка ауылы маңында электр қозғалтқышын тасымалдайтын ГАЗель көлігі жолдан шығып кетті. Абырой болғанда жүргізуші зардап шеккен жоқ. Тәртіп сақшылары тиегіш пен манипуляторды іздеуге көмектесіп, көп ұзамай автокөлік сапарын жалғастыра алды.
Полицейлер жүргізушілерге асфальтта қар немесе су жатқан уақытта, жолға мұз қатқан кезде аса қырағылық танытуды, міндетті түрде дөңгелектерді қысқы дөңгелектерге ауыстыруды, шұғыл жылдамдықпен қозғалуға және тежеуді болдырмау керектігін ескертеді. Жолдың күрделі бөліктерінде міндетті түрде жылдамдықты азайту керек.