Ақмола тұрғыны жоғалған қызын табуға көмектескен полицейлерге алғыс айтты
Ақмола облысының Целиноград ауданының тұрғыны қызын табуға көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылығын жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелдің айтуынша, оның мүгедек қызы 28 қазан күні түстен кейін сағат 15:00 шамасында үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайта оралмаған. Қыздың өзімен бірге ұялы телефоны болмаған, бұл жағдайды одан әрі қиындатты.
Қызды іздеу жұмыстары шұғыл түрде басталып, полиция бөлімінің барлық жеке құрамы іске кірісті. Қыздың сипаттамасы көршілес аудандардағы полиция бөлімдеріне жіберілді. Екі күн бойы арнайы құрылған іздеу топтары аудан аумағы мен жақын маңдағы елді мекендерді мұқият тексерді. Полицейлер жергілікті тұрғындардан жауап алып, мүмкін болатын куәгерлерден сұхбат алды.
Іздеу жұмыстары нәтижесін беріп, 31 қазанда жоғалған қыз елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінен табылды. Қыздың анасы полиция қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегіне және кәсібилігіне алғысын білдіріп, олардың жұмысына табыс тіледі.