Астанада спорттық киім ұрлаған бойжеткен анықталды
Астанада спорттық бутиктен киім ұрлаған бойжеткен анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 жастағы елорда тұрғыны магнит жапсырмасын алып, киімді үстіне киіп, бутиктен шығып кеткен.
Нұра ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлыққа қатысы бар қызды анықтады. Бұған дейін ол осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.
Қыздың айтуынша, сауда орталығына келмес бұрын ол интернет желісі арқылы киімдегі магнит жапсырманы шешу жолдарын зерттеген.
Сауда залында орналасқан бейнебақылау камераларын қарау кезінде жедел уәкілдер бойжеткеннің заттармен бірге киім ауыстыру бөлмесіне кіріп, кейін қолында ештеңесіз шыққанын байқады. Ол жалпы құны 133 мың теңге болатын спорттық киімді кездейсоқ адамдарға сатып жіберген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, бойжеткеннің елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция сауда қызметкерлерін сақ болуға және дүкендерде ұрлыққа қарсы қосымша қорғаныс шараларын енгізуге кеңес береді.