Ұлытау облысында ірі көлемде есірткімен айналысқан күдікті ұсталды
Ұлытау облысында есірткімен күрес бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ірі көлемдегі есірткі саудасымен айналысқан күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңды айналымына бақылау жүргізу мақсатында медициналық мекемелерді, дәріханаларды және кәсіпорындарды тексерді.
«Дәрмек» жедел-алдын алу шарасы барысында рецептсіз күшті әсер ететін дәрілерді заңсыз сату бойынша үш дерек анықталды. Сонымен қатар, бес есірткіге қатысты қылмыс әшкереленді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жәйрем кентінің тұрғыны аса ірі көлемдегі есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен ұсталды.
Күдіктінің үйіне санкцияланған тінту жүргізу кезінде 4 килограмм марихуана табылып, тәркіленді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда.