Абай облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеде техникалық қызмет көрсету орталығы ашылды
Абай облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеде Техникалық қызмет көрсету (жөндеу) орталығы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жаңа орталықта автокөліктерге шанақ және сырлау жұмыстары жүргізіліп, бір апта ішінде шамамен бес көлік жөнделеді.
Қазіргі уақытта жөндеу орталығында 17 сотталған азамат еңбек етуде. Жыл соңына дейін тағы бес сотталушыны жұмысқа орналастыру жоспарланған. Сотталғандардың жалақысы орындаған жұмыс көлеміне байланысты есептеледі.
Өз көлігін жөндеткісі келетін клиенттер жеке кәсіпкермен шарт жасасып, мекеме басшысының ТЖО аумағына кіруге рұқсат алуы тиіс. Режимдік-жедел бөлімнің қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірлесе автокөлікті мұқият тексеріп, профилактикалық іс-шаралардан кейін ғана көлік мекеме аумағына кіргізіледі.
Орталық сапалы қызмет көрсетуімен, адал жұмысымен және қолжетімді бағасымен танымал.
– Тұтқында болған кезде өзіме ұнайтын жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Автоэлектрика және автомобиль диагностикасы саласында жұмыс істеу маған бұрыннан таныс емес еді, бірақ мекеме қызметкерлері түрлі жұмыс орындарын ұсынғанда, таңдауым осы салаға түсті. Жалақымды алған уақытта сот ісі бойынша талап арызымды өтеймін, қалғанын туыстарыма көмек ретінде жіберемін. Мектеп жасындағы үш балам бар, – деп бөлісті автожөндеуде еңбек ететін сотталғандардың бірі.
Мекеме аумағында автожөндеудің ашылуы сотталған азаматтарды жалақы табу арқылы жақындарына қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін жұмыспен қамтып отыр.
– Бүгінде мекемеде он жеке кәсіпкерлік пен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Олар дәретхана қағазын, бөдене өсіруді, кір сабын мен ұлттық ағаш ыдыстарын өндіруді жүзеге асырады, – дейді сотталғандарды жұмысқа орналастыру бөлімінің бастығы Нұрболат Сапарғалиев.