“Мен өмірді қалаймын!”: Қызылордалық оқушылар байқауға қатысты
Қызылордалық полицейлер жастар арасында “Мен өмірді қалаймын!” атты өлең жазу байқауын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі мәселесін түсіндіру денгейін кеңейтіп, сайыскерлердің жеке ойын білдіру мүмкіндігін айқындау. Байқау екі кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңді Қызылорда қаласының және аудан орталықтарының білім бөлімдері ұйымдастырды, оның қорытындысы бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына сайыстың екінші кезеңіне қатысу үшін 33 үздік жұмыс жолданды.
Байқауға қатысушылар есірткіге қарсы өлеңдерін жазып, бейнероликте дауыстап, кейін БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялады. Қатысушылар жұмыстарында нашақорлық мәселесі, оның төңірегінде туындайтын қиындықтар жайлы айтып, нашақорлықтан аулақ болу керектігі жайлы пікірлерімен бөлісті.
Қармақшы ауданы №158 орта мектеп оқушысы – Жалаладин Зухра, Арал ауданы №220 орта мектеп оқушысы – Қожамұратова Айдана, Шиелі ауданы N46 мектеп-лицей оқушысы – Ракишева Мерей сайыс жүлдегерлері атанды. Ал 13 қатысушы ынтасы үшін және17 оқушы жеңіске деген жігерлері үшін марапатталды.