Қостанай облысында бір түнде полиция кальян шеккен 10 азаматты анықтады
Қостанай облысында бір түнде полиция кальян шеккен 10 азаматты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Қостанай облысында ойын-сауық мекемелері бойынша рейдтер өтті. Нәтижесінде қоғамдық орындарда қорқор шеккені үшін 10 адам жауапкершілікке тартылды. Қостанай мен Рудныйда полицейлер түнгі клуб пен кафеде кальян шеккен 10 заң бұзушыны анықтады.
Олардың барлығы 15 АЕК (55 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалады. Сондай-ақ бұзушылықтар тіркелген мекемелердің үш иесіне өз мекемелерінде кальян шегуді ұйымдастырғаны үшін 20 АЕК (77 мың теңге) айыппұл салынады.
Жыл басынан бері Қостанай облысында 200-ге жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды. Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтер жалғасатын болады.
Қазақстанда оқу орындары, медициналық мекемелер, мейрамханалар, кинотеатрлар сияқты қоғамдық орындарда, сондай-ақ көлік пен вокзалдарда темекі бұйымдарын, электрондық темекі мен кальян шегуге тыйым салынады.