“Учаске” ЖПІШ: Қызылорда облысында 8283 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді
Қызылордада полицейлер 8283 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ нұсқауына сәйкес осы жылдың 1 қазанынан бастап 15 желтоқсан аралығында облыс көлемінде “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара аясында 48497 пәтер мен 120631 жеке үй тексерілді, учаскелік полиция инспекторларының визиткалары таратылды. Аралау барысында 34 пәтер заңсыз жалға ұсынылып жатқандығы анықталып, шешім қабылдау үшін құжаттар жергілікті мемлекеттік кірістер басқармаларына жолданды.
Ішкі істер органдарының профилактикалық және тізімдік есебінде тұрған 5611 азамат тұрғылықты мекенжайларынан тексеріліп, профилактикалық әнгімелер жүргізілді. Сонымен қатар барлығы 8283 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталса, оның 1150 дерегі көші-қон заңнамаларын бұзу болған.
Ішкі істер органдарының есебінде тұрған қару иелерінің 9269-ы тексеріліп, қаруды сақтау, тасымалдау ережелерін бұзған 43 облыс тұрғынына қатысты шара көрілсе, ішкі істер органдарына тіркелмеген 21 мылтық тәркіленді.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.