Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған әмиянды иесіне қайтарып берді
Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған әмиянды иесіне қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыдан келген ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері Астана қаласында қызмет ету кезінде қырағылық танытты.
Оқиға 23 қарашада болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінің әскери қызметшілері елорда көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қызметке шықты.
Патрульдік топтың бастығы Ермахан Төребеков қарамағындағы жауынгерлер қатардағы Әлішер Күрденұлы және Бақытжан Боранбаевпен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.
– Сарыарқа ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің жанында жатқан затты байқадық. Жақындағанда оның әмиян екенін білгесін, бірден иесін іздеуге кірістік. Ұйымдасқан жедел әрекеттің арқасында 15 минуттан кейін әмиян иесін анықтап, өзіне табыстадық. Ол ішіндегі барлық заттың түгел екенін растады, – дейді ЕрмаханТөребеков.
Осылайша, Астананың тыныштығын күзететін ұландықтар қала жұртшылығының алғысына бөленіп, өз міндеттерін адал орындауда.