«Қақпа алдындағы кездесу»: Еркіндікке шыққан әкелер туыстарымен қауышты
Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №14 мекемесінде жазасын өтеген екі азамат еркіндікке шықты. Оларды туыстары күтіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірі жазасын толық өтеп, босатылса, екіншісі сот шешімімен мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты.
Мекеме қызметкерлері жазасын өтеп шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында олардың туған-туысқандарымен ерекше кездесу ұйымдастырды. Бостандыққа шыққан әкелерді түрме алдынан күтіп алған балалары мен жақындары қуанышқа бөленді. Бұл ерекше сәттердің әрбір қатысушының жүрегінде терең із қалдырғаны сөзсіз.
Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері босатылған азаматтармен полиция органдарына профилактикалық есепке тұрудың тәртібі, оның мерзімдері мен алдағы уақытта әлеуметтік-құқықтық көмек алу мүмкіндіктері жайлы кеңес берді.
– Сотталғандарды босату кезіндегі осындай іс-шаралар «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты – жазасын өтеп шыққан азаматтарды қоғамға сәтті бейімдеу және олардың қайта қылмыс жасауының алдын алу, – деп атап өтті мекеме басшысы Сергей Ким.
Бұл оқиға жазасын өтеген азаматтарға жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік берумен қатар, олардың отбасымен қайта қауышуына жағдай жасап, қоғам мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінуге ынталандырады.