«Ел баласы» акциясы: Екібастұзда оқушылар полиция қызметінің қыр-сырымен танысты
Екібастұз қаласында «Ел баласы» акциясы өткізілді, оның аясында құқық қорғау, мемлекеттік, атқарушы органдар мен кәсіпорындарының басшылары оқушылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№36 лицей оқушыларымен қалалық полиция ведомствосының бастығы Төлеген Құдайбергенов кездесті.
– Мамандық таңдағанда, табысты мансаптың барлық құрамдас бөлігін – қабілеттерді, перспективаларды және ең бастысы, өз өміріңізді өзіңіз таңдаған саламен байланыстыруға деген ұмтылысты ескеру қажет, – деді қалалық полиция басқармасының бастығы.
Ол оқушыларға өзі туралы, ішкі істер органдарындағы қызметі, ҚР ІІМ оқу орындарына түсуі туралы айтып берді.
Жобаға қатысушылардың бірі, 10-сынып оқушысы Бекарыс Жанатұлы өмірдегі ең маңызды нәрсе – өз кәсібін табу екенін баса айтты. Сондай-ақ спикерге сұрақ қойды – Мамандық таңдағанда сіздің мінезіңіз бен өмірлік ұстанымыңыз маңызды рөл атқарды ма?
– Әрине, батылдық, байсалдылық, өзіне деген сенімділік – бұл қасиеттер полицейге тән. Өйткені кез келген жағдай адамдардың өміріне байланысты, – деп жауап берді тәртіп сақшысы.
Кездесу барысында 10-сынып оқушысы Інжу Берікқызы шараға қатысу барысында алған әсерімен бөлісіп, спикерге ерекше сұрақ қойды. Егер сізде таңдау болса, өткенге немесе болашаққа саяхат жасар ме едіңіз?
– Әрине, болашаққа! Өткен мені тәрбиеледі, өйткені ол – менің жадым, балалық шағым, жастық шағым, мамандықта қалыптасу кезеңім. Ал болашақ – білімге деген ұмтылыс. Жылдар мен жетістіктерге қарамастан, біз білім алуды жалғастырамыз, одан да үлкен нәтижелерге жетеміз, – деп жауап берді Төлеген Құдайбергенов.
Бірлескен талқылау барысында барлық сұраққа ашық жауап алынды. Кездесуден кейін Төлеген Айдарханұлы жеке мәселелер бойынша бес адамды қабылдады.
– Жастармен қарым-қатынас әрдайым жағымды эмоция сыйлайды. Бүгінгі күні оқушылардың креативті ойлау қабілеті, өмірге, білімге, жаңа идеяларға шығармашылық көзқарасы ерекше, – деді ол.