Алматы облысының жолдарында «Сұңқар» жүйесі іске қосылды
Алматы облысының жолдарында «Сұңқар» жүйесі іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының негізгі автомагистральдарында 11 заманауи «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешені пайдалануға берілді.
– Бұл жоғары технологиялық жүйелер Алматы – Көкпек – Көктал, Алматы – Шелек – Қорғас және Алматы – Өскемен трассаларында орнатылған. «Сұңқар» кешендері жол жағдайын тәулік бойы бақылауға арналған. Олар жылдамдық режимі асырылған, жол қозғалысы ережелері бұзылған жағдайларды және жүргізушілердің басқа да қауіпті әрекеттерін тіркейді. Мақсат – апаттылықты азайту, көлік жүргізу мәдениетін арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деп атап өтті облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов.
Жүйе автоматты түрде жұмыс істейді. Алынған мәліметтер бірыңғай базаға жолданады, онда олар өңделеді және жүргізушілерді жауапкершілікке тартуға негіз болады.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. «Сұңқар» сияқты технологиялар қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғай отырып, тиімді әрі жедел әрекет етуге көмектеседі, – деп толықтырды Еркебұлан Ахметов.