Павлодар облысында 1800-ге жуық азамат алаяқтарға сеніп қалған
Павлодар облысында 1800-ге жуық азамат алаяқтарға сеніп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың 1192-сі ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасалған. Полицияның алаяқтық туралы ескертулеріне қарамастан, адамдар қаскүнемдерге сенуді жалғастыруда.
– Алаяқтық туралы арыз полицияға күн сайын келіп түседі және зардап шеккендер WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз нөмірден қоңырау түскенін айтады. Телефонның ар жағында белгісіз адамдар өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады. Банктің филиалында сенімхат бойынша олардың депозитінен ақша қаражатын алуға тырысады. Содан кейін «банк қызметкерінен» қоңырау келіп түседі, ол «сіздің қаражатыңыз қолма – қол ақшаға айналды және банкомат арқылы берілген шотқа аударылды деп сендіреді, – дейді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Алаяқтық тәсілдері өте алуан түрлі, бірақ олардың барлығы басқа біреудің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған. Мұндай қылмыстар қазіргі заманғы байланыс құралдары мен интернет желісін қолдана отырып жасалуда.
Полиция департаменті ескертеді: бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіз, әр қоңырау мен SMS-ке мұқият болу керек, сондай-ақ күдікті хабарламалар мен жарнамаларға сенбеу керек.