Шымкентте Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты
Шымкентте Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысынан келген елуге жуық жас сарбаз ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Шымкенттегі 6506 әскери бөліміне қосылды. Жас жауынгерлерді бөлімнің саптық алаңында әскери оркестрдің әуенімен салтанатты түрде қарсы алды.
Бөлім қабырғасында бригада командирінің міндетін уақытша атқарушы полковник Төлеген Шыныбеков сарбаздарды тұрақты орналасу пунктіне келуімен құттықтап, олардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Алдағы күндері елдің өзге өңірлерінен де жас сарбаздар келіп, бір апта ішінде толық құрам жасақталмақ. Жалпы, күзгі шақырылым аясында бұл бригадаға 400-ге жуық сарбаз қабылданады.
Жас жауынгерлер бірінші айда арнайы дайындықтан өтеді. Осы мерзім ішінде олар әскери өмірдің негіздерімен танысып, кейін салтанатты түрде әскери ант қабылдайды.
– Шақырылушылардың келуіне барынша қолайлы жағдай жасалып, арнайы жиын әкімшілігі құрылды. Оның құрамында тәжірибелі офицерлер мен сержанттар бар. Олар жас сарбаздарды әскери іспен таныстырып қана қоймай, жаңа ортаға бейімделуге жан-жақты көмектеседі, – деп атап өтті оқу пунктінің бастығы Бағитжан Баламбаев.
– Әскердегі қызмет – әр азаматтың қасиетті борышы мен абыройлы міндеті, – деп өз ойын білдірді жас жауынгер Бейбарыс Жұманиязов.
Әскери ант қабылдағаннан кейін сарбаздар Шымкент пен Түркістан қалаларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіне кіріседі.