Өнер мен борыш: жас курсанттың жетістіктері мен арманы
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясында сегіз қырлы, бір сырлы курсанттар білім алуда. Солардың бірі – Нұрсұлтан Көлбаев. Polisia.kz сайты өнерлі жігіттің жарқын жолы туралы баяндайды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының 3-оқу батальонының 6-оқу ротасының 3-оқу взводында курсанттық қызмет атқаратын Нұрсұлтан Көлбаев — жастарға үлгі боларлық тұлға. Ол Жамбыл облысы Тараз қаласы Байзақ ауданында 2005 жылы қараша айының 2-сінде өмірге келген. Алғашқы білімін 2012 жылы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, мәдениет пен өнерге деген құштарлығымен көпшіліктің назарын аударды. Оның өнер саласындағы жетістіктері көп — ән айту, күй шерту, аспапта ойнау, вокал мен сурет салуда топ жарған Нұрсұлтан халықаралық және облыстық деңгейдегі байқаулардың жүлдегері.
Алайда өнер мен мәдениетке деген махаббаты оны тек шығармашылықпен шектемей, өз Отанын қорғауға да жетеледі. Нұрсұлтанның әскери салаға деген қызығушылығы мен арманы отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Ол анасына деген ерекше құрметін өз өлең шумақтарында да айқын көрсеткен. Өлеңінде «Ана жайлы – пайғамбарлар сәлемі, ана жайлы – ақындардың өлеңі…» деп, ананың тәрбиесі мен қамқорлығының құдіретін айтып, өз өмірінде осы қағиданы ұстанғанын көрсетті.
Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Көлбаев ІІМ Ұлттық ұлан академиясының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар саласында білім алуда. Ол батальон мен рота арасында өткізілетін іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Әскери саладағы қызметі оның Отанға деген сүйіспеншілігі мен борышын терең түсінгенін дәлелдейді. Қазақта «болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген қанатты сөз бар. Осы сөздер Нұрсұлтанның бойына дарыған еңбек пен жігердің дәлелі іспеттес.
Нұрсұлтан Көлбаевтың арманы — елінің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін қызмет ету. Оның болашақта үлкен биіктерге жететініне сеніміміз мол, себебі ол өз ісінде өз елін мақтан тұтатын нағыз патриот, ұлтжанды жас!