Екібастұзда полиция еріктілер ұйымдарының жетекшілерін құттықтады
Екібастұзда полиция еріктілер ұйымдарының жетекшілерін құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні қарсаңында Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбегенов еріктілер ұйымдарының жетекшілерін арнайы құттықтап, олардың полицияға қосқан баға жетпес үлесін жоғары бағалады.
Екібастұз еріктілері күн сайын құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында рейдтік іс-шараларға қатысып келеді. Олар жоғалған адамдарды іздеуде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда және қоғамдық тәртіпті нығайтуда белсенділік танытып, қала тұрғындарын игі істерге жұмылдыруда. Еріктілердің жанашырлықпен жасаған қайырымды істері тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын арттырып, қоғамды берік те мықты етуде.
– Ерікті болу – нағыз патриот болудың айқын белгісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қоятындардың өмір салты. Сіздердің жанқияр еңбектеріңіз бен немқұрайлы қарамауларыңыз талай құқық бұзушылықтың алдын алуға, аймақ тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізді, – деп атап өтті Төлеген Құдайбегенов.
Ол өз сөзінде еріктілердің белсенді азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығы үшін алғысын білдіріп, олардың еңбегі жоғары бағалауға және қоғамның шынайы құрметіне лайық екенін ерекше атап өтті.
– Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз аймақ тұрғындары үшін үлгі. Өзара түсіністік пен сенімге негізделген ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да қоғамдық тәртіп пен заңдылықты нығайтуда жаңа биіктерге жетелейтініне сенемін, – деді басқарма басшысы.
Кездесу соңында Төлеген Құдайбегенов бірқатар еріктілерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері үшін алғыс хаттар табыстады.