Ақтөбедегі қоныс колониясының кітапхана қоры жаңа әдеби кітаптармен толықты
Ақтөбедегі қоныс колониясының кітапхана қоры жаңа әдеби кітаптармен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне бағынысты №9 мекемесінің кітапхана қоры жаңа әдеби кітаптармен толықты. Әдеби кітаптарды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қоры және Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің кітапхана қоры тарту етті. Сыйға берілген кітаптардың ішінде қазақтың зиялы тұлғаларының, сондай-ақ шетел жазушыларының классикалық шығармалары және Құранның қазақша аудармалары бар.
Жалпы, кітапхана сөресін толықтырған әдебиеттер №9 мекемесі және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлескен жоспары аясында жүзеге асқан. Сонымен қатар тәрбиелік ықпал ету жұмыстарының бір бағыты ретінде №9 мекемесінде сотталған азаматтардың білім және мәдени деңгейін арттыру қарастырылған. Бұл орайда мекемеде бас бостандығынан айырылған азаматтармен тәрбиелік мәні бар шаралар жүйелі жүргізіледі. Соның бірі – жазасын өтеушілер ішкі күн тәртібіне сәйкес, мекеме кітапханасынан қажетті кітаптарды оқи алады.
– Аталған іс-шараның мақсаты – мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандардың жазасын өтеу мерзімін тиімді пайдалануды ұйымдастару және жаңа әдеби кітаптарға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда №9 мекемесінің кітапхана қоры С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорымен бірлесіп, түзеу мекемелеріндегі кітапхана қорын жаңа кітаптармен толықтыру бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырады, – деді №9 мекемесінің тәрбие бөлім бастығы Арман Панабек.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбедегі №9 мекемесінің кітапхана қорында 2400- ден астам әдеби кітап бар.