Көліктегі ПД «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады
Көліктегі ПД «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 11-13 желтоқсан аралығында көліктегі полиция департаменті «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында департаменттің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылған. Еліміздің барлық теміржол вокзалдары мен әуежайларында, сондай-ақ жолаушылар пойыздарында полиция нарядтары екі есеге артты. Көлік нысандарын патрульдеу үшін кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттері де жұмылдырылған.
Аталған іс-шараны өткізудің 3 күнінде еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік бұзушылықтар жасағаны үшін 1222 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін – 5, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 84, тыныштықты бұзған үшін – 7, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін – 95, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрған – 32, темір жол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қағидаларын бұзу бойынша – 807, темір жол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін – 77 және т.б.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 80 шетелдік ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік объектілерінде тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 27кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, олардың 16-сы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды.
Департамент бойынша 109 тұлға ІІО-ғы дактилоскопиялық, фото-бейне есебіне қойылды.
Басты қағидат – заң мен тәртіп. Біздің міндетіміз – әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ықпал ету жұмыстарын тиімді ұйымдастыру.
ЖПІШ өткізу кезеңінде департаменттің қызмет көрсету учаскесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру бойынша теміржол төсеміне жақын орналасқан орта мектептерде профилактикалық дәрістер өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, егер азаматтарымыз қандай да бір құқық бұзушылықтың куәгері болса, Көліктегі полиция департаментіне немесе «102» телефоны арқылы хабарласуларын сұраймыз. Бұл полицейлерге құқықбұзушыны тез арада ұстап, қылмыстың «ізін суытпай ашуға» мүмкіндік береді.