Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ
Логотип

Ұлттық ұланда киберқылмыстан қорғану жолдары талқыланды

Ұлттық ұланда киберқылмыстан қорғану жолдары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде киберқылмыстың алдын алу және алаяқтық әрекеттерге қарсы тұру мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта желтоқсан айының алғашқы аптасында 6654 әскери бөлімінің жеке құрамына арналған «Киберқылмыс дегеніміз не? Алаяқтық әрекеттерден қалай сақтануға болады?» тақырыбында ақпараттық сағат өткізілді.

Бұл іс-шараны әскери полицияның аға офицері Тимур Кубенов, Алматы облысы полиция департаментінің Қонаев қаласындағы қылмыстық полиция бөлімінің жедел уәкілі Бауыржан Нұрбаев және полиция старшинасы Арман Русланұлы ұйымдастырып, өткізді.

Олар әскери қызметшілерге киберқауіпсіздік тұжырымдамасы аясында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын егжей-тегжейлі түсіндіріп, туындаған сұрақтарға жауап берді.

Кездесу барысында мамандар жеке құрамды интернет-алаяқтардың әрекет ету тәсілдерімен таныстырып, сақтану шараларын ұсынды. «Хабардар адам – қарулы адам» деген қағиданы ұстанған мамандар интернет алаяқтыққа қарсы ең басты күрес адамның өз сауаттылығы мен мұқияттығынан басталатынын атап өтті.

– Өкінішке қарай, қазіргі таңда интернет кеңістігінде алаяқтық оқиғалары жиілеп кетті. Экранның арғы жағында отырған қылмыскерлерден қорғану үшін әрбір азамат онлайн сауда жасағанда немесе төлем карталарын пайдаланғанда аса сақ болуы керек. Күмәнді сілтемелерге өтпес бұрын, оның қауіпсіздігін және кімнен келгенін мұқият тексеру маңызды, – деді полиция Бауыржан Нұрбаев.

Сонымен қатар офицерлер мен келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілерге алаяқтықтың алдын алуға арналған арнайы жадынамалар табыс етілді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының киберқылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қараша айында Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Жаңа департамент азаматтарды киберқылмыстардан қорғау мақсатында жұмыс істеп, киберқауіптердің алдын алу және ашу бойынша стратегиялық қадамдарды әзірлеумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру