Павлодарда полицейлер нашар ауа-райында жол қозғалысын шектеуге кеңес береді
Павлодарда полицейлер нашар ауа-райында жол қозғалысын шектеуге кеңес береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Павлодар облысы аумағында 965 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 74 адам қаза тауып, 1247 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.
– Жол апаттарының негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы, қарсы қозғалыс жолағына шығуы, жаяу жүргіншілерді қағып кетуі және маневр жасау ережелерін бұзуы, – деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаменті.
Полицейлер жол қозғалысына қатысушыларды сақтыққа шақыра отырып, жол апаты салдарынан денсаулыққа ауыр зақым келтірілген немесе адам өліміне әкеп соққан жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салады. Мұндай оқиғалар үшін 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары азаматтарға Қазақстан Республикасының Жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, ауа райы жағдайын ескеруді және көліктің техникалық дайындығына назар аударуды ұсынады. Қалың қар жауып, көктайғақ болған жағдайда, алыс сапарларға шықпауға кеңес беріледі. Жолда қалып қоюдан сақтану үшін көлікте отын қорын үнемі толықтырып отыру да маңызды.