Атырау облысында 43 сотталған әйел тігінші мамандығын игеріп, сертификат алды
Атырау облысының ҚАЖД мекемесінде 43 сотталған әйел тігінші мамандығын игеріп, сертификат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған азаматтар көбіне қоғамнан және еңбек нарығынан шеттетіліп, өз орындарын табуда қиындықтарға тап болады. Қажетті білім мен дағдылардың жетіспеушілігі олардың қайтадан қылмыстық жолға түсу ықтималдығын арттырады. Алайда қысқа мерзімді тегін курстар бұл адамдарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, қоғамға қайта бейімделуіне және болашақта табысты өмір сүруіне айтарлықтай қолдау көрсетеді.
Қысқа мерзімді курстар арқылы сотталғандар өз білімдерін жаңартып, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптерді игере алады. Мәселен, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін меңгеру, сатушы немесе құрылысшы сынды мамандықтарға қажетті дағдыларды үйрену мүмкіндігі бар.
Осындай бастамалардың айқын үлгісі ретінде, Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №79 мекемесі мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті арасында 2024 жылға арналған меморандум аясында жүзеге асырылған жобаны атауға болады. Бұл жобада тігінші мамандығы бойынша ұйымдастырылған қысқа мерзімді курс аясында 43 сотталған азаматша жаңа білім алып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Қысқа мерзімді тегін курстар сотталған азаматтар үшін тек білім алудың ғана емес, сонымен қатар қоғамға қайта бейімделудің маңызды құралына айналуда. Олар арқылы азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, өмір сапасын жақсартуға ұмтылады.
Мемлекет тарапынан көрсетілген әлеуметтік және экономикалық қолдау бұл азаматтардың өзгеруіне, жаңа бағытта дамуына және қоғамға толығымен қайта қосылуына мүмкіндік береді. Бұл тек сотталғандардың өз өмірін жақсартуға ғана емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға да оң ықпалын тигізеді.