Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда учаскелік және ювеналды инспекторлардың слеті өтті

Қарағандыда учаскелік және ювеналды инспекторлардың слеті өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінде учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың дәстүрлі слеті ұйымдастырылды. Іс-шараға департамент басшысы Негмет Исмагулов төрағалық етті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей де қатысып, маңызды мәселелерге тоқталды.

— Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуда сіздер – учаскелік және ювеналды инспекторлар – алдыңғы шепте жүрсіздер. Сіздердің қызметтеріңіз азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей ықпал етеді. Әрбір инспектор кәсіби деңгейін үнемі арттырып, халықпен тығыз байланыс орнатып, туындаған мәселелерге жедел әрекет етуі тиіс. Егер әр қызметкер өз міндетін адал атқарса, қызмет көрсететін аумақтарда әрдайым тәртіп орнайды, — деп атап өтті Негмет Исмагулов.

Слет барысында өткен жыл қорытындылары шығарылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары және үздік тәжірибелерді кеңейту мәселелері талқыланды. Жиында айтылғандай, аймақтағы 63 ауыл ішімдіксіз өмір салтына көшіп, нәтижесінде бұл елді мекендерде құқық бұзушылық тіркелмеген.

— Полиция қызметкерлері күнделікті тұрғындардың қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Ал біз, өз кезегімізде, олардың жұмысын жеңілдету үшін бар жағдайды жасап жатырмыз. Мәселен, биылғы жылы облыс бюджетінен 200 жаңа автокөлік сатып алынды. Сонымен қатар, бірнеше мобильді полиция бекеті ашылды. Барша полицейлерге жасаған еңбектері үшін алғысымды білдіремін, — деді Әлібек Әлденей.

Учаскелік инспекторлардың беделін арттырып, ынталандыру мақсатында облыс әкімдігі 2023 жылдан бері «Мамандығы бойынша үздік» номинациясы бойынша байқау өткізіп келеді. Байқау жеңімпаздарына 2 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Биылғы жылы «Қалалық жердегі үздік учаскелік инспектор» атағына Қарағанды қаласы Полиция басқармасының Оңтүстік-Шығыс бөлімінің инспекторы Айдын Булкенов ие болды. Ал «Ауылдық жердегі үздік учаскелік инспектор» ретінде Қарқаралы ауданы Полиция бөлімінің инспекторы Ернұр Атке́нов марапатталды.

Слет барысында департамент басшысы Негмет Исмагулов облыстық әкімдікке құқық қорғау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

— Қарағанды облысының әкімдігіне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны дамыту және тығыз ынтымақтастық үшін шынайы алғысымызды айтамыз, — деді ол.

Сонымен қатар «Мамандығы бойынша үздік» номинациясының жеңімпаздары департамент грамоталарымен және ҚР ІІМ символикасы бейнеленген арнайы сағаттармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру