БҚО полициясы жаңа көліктермен толықты
Батыс Қазақстан облысының полициясы жаңа қызметтік көліктермен қамтамасыз етілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен мәслихат депутаттарының қолдауымен аймақтың полиция қызметін жақсартуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Облыстық Полиция департаментінің барлық аудандық бөлімшелеріне су жаңа 15 Газель Соболь қызметтік көлігі табысталды.
Соңғы екі жыл ішінде облыстың полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы 165 жаңа бірлік техникамен толықты. Бұл жолы кезекші бөлімдерге берілген заманауи көліктер жедел-тергеу топтарының оқиға орнына шұғыл жетуіне, жедел әрі сапалы қызмет көрсетуіне үлкен септігін тигізеді.
Сонымен қатар табиғатты қорғау бөлімшелеріне де жаңа құрал-жабдықтар берілді. Атап айтқанда, су айдындары мен өзендерді патрульдеу, табиғатты қорғау, су тасқыны кезінде эвакуациялау жұмыстарын тиімді жүргізу үшін үш моторлы қайық пен жаңа жол талғамайтын көліктер бөлінді.
Материалдық-техникалық базаның нығаюы – облыс тұрғындарына көрсетілетін полиция қызметінің сапасын арттырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта осындай қолдау мен жаңғырту жұмыстары жалғасын табатын болады.